Құстарды латын тілінде Aves дейді. Омыртқалы жануарлар тип тармағының бір класы. Құстар – жылықанды омыртқалы жануарлар. Олардың қауырсындары жылуды сақтауға және ұшуға бейімделген. Артқы екі аяқтарымен жүреді, ал алдыңғы аяқ-қолдары қанаттарға айналған. Құстардың басқа омыртқалы жануарлардан айырмашылығы олардың ауада ұша алатындығы, алдыңғы аяғы қанатқа айналған, төс, сан және мойын бұлшық еттері жақсы жетілген, сүйектері жұқа, көбінің іші ауаға толы қуыс болғандықтан және бір-бірімен жіксіз тұтасатындықтан, қаңқасы жеңіл әрі берік. Құстардың денелері жеңіл болғанымен, мықты және ұшуға ыңғайлы болады. Ұшпайтын құс түрлері де бар. Құстардың барлығы жұмыртқа салады. Құстар Арктикадан Антарктика жағалауларына дейінгі барлық табиғи белдемдерде таралған. Оларды мекен ететін орындарына қарай орман, ашық дала, батпақты - шалшықты және су құстары деп те бөліп жатады. Тез ұшатын үкіжапалақ, басқа да жыртқыш құстардың көзі жақсы жетілген. Иіс сезу көп құстарда жетілмеген, ал дыбыс есту қабілеттілігі жақсы дамыған. Құстардың көру және есту органдарының жақсы дамуы, олардың алыс және жақын кеңістіктерді игеруіне, мезгілімен қоныс аударып, түрішілік және түраралық қатынас жасауына әсер етіп, құс тіршілігінде маңызды рөл атқарады. Құстар өсімдіктерді тозаңдандырып, олардың тұқымдарын таратады, зиянды жәндіктер мен кемірушілерді құртып, олардың табиғаттағы санын реттеуге қатысады.

Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы аумағында жыртқыш құстардың 20 түрі кездеседі. Олар: қаракезқұйрық, түз құладыны, дала құладыны, шалғын құладыны, саз құладыны, қаршыға, қырғи, тілеміш, жыланжегіш, бақалтақ қыран, дала қыраны, бүркіт, сақалтай, жұртшы, тазқара, ақбасқұмай, ителгі, жағалтай, дала күйкентайы, кәдімгі күйкентай. Ішінде өлексе қоректі санитарлық рөль атқаратын жұртшы, сақалтай, ақбасқұмай, тазқара құстары да жиі кездеседі. Жыртқыш құстардың тұмсықтары, аяқтарындағы тырнақтары өткір, қорегін бүріл ұстауға бейімделген. Қыран құстардың қоразын - «шәулі», мекиенін - «ұябасар», балапанын - «ақүрпек» деп атайды. Ұяларын әдетте биік жартаста, беткейде өскен бұта басына салады.

Туребаев Азизхан

Ғылым, ақпарат және мониторинг

бөлімінің ғылыми қызметкері

 1

2